Ресей билігі авиациялық керосин экспортына тыйым салды
Ресейде авиациялық керосинді елден шығаруға уақытша тыйым салынды. Үкімет қаулысына сәйкес, реактивті қозғалтқыштарға арналған жағармай, соның ішінде биржада сатып алынған отын экспортына биылғы 30 қарашаға дейін шектеу қойылды.
Билік бұл шешімді ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін қажет деп түсіндірді. Ресейде бұған дейін авиациялық керосин экспортына толық тыйым салынбаған. Қазір бензинді елден шығаруға толық көлемде, ал дизель отыны экспортына ішінара шектеу күшінде.
Бұл шектеулер Украина қарулы күштерінің әуе шабуылдарынан кейін ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына түсетін салмақ артып, Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы өсіп жатқан шақта енгізілді. Сарапшылар әлемдік нарықта авиациялық отын тапшылығы қаупі күшейіп отырғанын айтады.