Ресейден Urals мұнайын теңіз арқылы Үндістанға тасымалдау құны шілденің ортасымен салыстырғанда шамамен 50 пайыз өскен. Мұны трейдерлер дерегіне сүйеніп Reuters хабарлады. Бағаның өсуіне тасымал тарифтерінің көтерілуі және дрон шабуылы қаупіне байланысты Ресей порттарына кіретін кемелердің азаюы себеп болған.
Соған қарамастан, Ресей тамыз айында батыс порттарынан экспортқа жөнелтетін мұнай көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Алайда ресейлік мұнайды тасымалдауға ықылас білдіретін танкерлердің аздығы бұл жоспардың орындалуын шектеуі мүмкін дейді трейдерлер.
Reuters мәліметінше, шілдеде Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдары Новороссийск порты мен Каспий құбыр консорциумы терминалында мұнай тиеу уақытша тоқтауына себеп болған.
Осыдан кейін Aframax танкерімен Приморскіден Үндістанға 100 мың тонна мұнай жеткізу құны бұрынғы 8-9 млн доллардан 13 млн долларға жеткен, ал Suezmax танкерімен Новороссийскіден 140 мың тонна мұнай тасымалдау құны 10 млн доллардан 15 млн долларға дейін өсіп кеткен.
Ақпарат көзі:Azattyq ақпарат порталы