АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ираннан қаза тапқан және ауыр жараланған америкалық әскери қызметшілерге өтемақы төлеуді талап ететінін мәлімдеді. Бұған қоса ол кейінгі жарты ғасырда Ирандағы наразылықтарды билік басып-жаншыған кезде қаза тапқан ирандықтардың отбасыларына да өтемақы төленуі керек деп санайды.
 Оның бұл мәлімдемесі Тегеранның бес айға созылған әскери қақтығыс барысында Иранға келтірілген залал үшін АҚШ-тан өтемақы талап етуіне жауап ретінде жасалды.
 

"Бұл қызық ұсыныс, өйткені енді мен де Ираннан олар өлтірген немесе ауыр жаралаған адамдардың барлығы үшін өтемақы төлеуін талап етемін", — деп жазды Трамп 10 тамызда өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасына.


 Трамп тек кейінгі бес айдың өзінде Иранда 52 мың адам қаза тапқан деп мәлімдеді, бірақ мұндай деректі қайдан алғанын нақтыламады.
Құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Иранда қаңтарда басталған жалпыұлттық наразылықтардан кейінгі қуғын-сүргін барысында 6 мыңнан астам адам қаза тапқанын құжатқа түсірген. Құқық қорғаушылар нақты құрбан болғандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Трамп бұдан бөлек Иранды Ливан, Сирия, Йемен және Газа секторындағы тұрғындарға келтірілген "залал мен адам өлімі" үшін де жауапты деп санайтынын мәлімдеді. Аталған аумақтарда Тегеранмен байланысты қарулы топтар әрекет етеді- деп хабарлайды Azattyq ақпарат порталы