Электросамокат пайдаланушылары велосипед жолдары мен веложолақтармен жүре алады. Олар болмаған жағдайда, Жол қозғалысы ережелерінде көзделген жағдайларда, жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Жаңа ережелер жолдың жүру бөлігінде қозғалу талаптарын да белгілейді: жүргізуші 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш шлемі болуы тиіс. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтер тағу қажет.

1 шілдеден бастап JET қосымшасына тіркелу кезінде пайдаланушының ЖСН-і мен жасы тексеріледі. 18 жасқа толмағандарға сервиске кіруге рұқсат берілмейді. Сондай-ақ ата-анасы баласына берген аккаунттар және бір самокатқа екі адамның мінгені анықталған жағдайда аккаунттар бұғатталады.

Осы күннен бастап самокаттардың рамасына және артқы қанатына сәйкестендіру нөмірлері қойылады. Компанияның мәліметінше, бұл нөмірлер бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы көлік құралын анықтауға мүмкіндік береді.

Пайдаланушыларға электросамокаттарды тротуардың, жолдың жүру бөлігінің, веложолдардың және автокөлікке арналған тұрақ орындарының ортасына тастап кетуге де тыйым салынады. Мұндай талаптарды бұзғаны үшін айыппұл немесе аккаунтты бұғаттау шаралары қарастырылған.

Бұған дейін Алматы қаласының полиция департаменті «Сергек» камералары самокат жүргізушілерінің ереже бұзушылықтарын тіркей бастайтынын хабарлаған- деп хабарлайды Zakon.kz ақпарат порталы.