Дәрігерлердің қателігінен флегмонаға ұласқан: Ақмола облысындағы емхана науқасқа 1,6 млн теңге төлейді

Ер адам Целиноград аудандық емханасына дене қызуының көтерілуі, жөтел және иығының ауыруы шағымдарымен жүгінген. Кейін ісіну мен ауырсынуға байланысты дәрігерлер оған ревматоидты артрит және байламдардың созылуы деген диагноз қойған.

Арада бір апта өткен соң науқас шұғыл түрде Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның қолы мен иық аймағынан флегмона анықтаған. Операция кезінде шамамен 1,5 литр ірің алынған.

Сараптама нәтижесінде аурудың дер кезінде анықталмағаны, сондай-ақ талдаулар мен тексеру нәтижелерінің ескерілмегені анықталды. Бұл асқынуларға және иық буынының қызметінің бұзылуына әкелген.

Сот емханадан науқастың пайдасына 700 мың теңге моральдық өтемақы және тағы 914 мың теңге жоғалған табыс өндіріп алды.

Осылайша, төленетін өтемақының жалпы сомасы шамамен 1,6 млн теңгені құрады- деп хабарлайды Informburo.kz ақпарат порталы.