13 тамызда Италияның Коллеферро қаласы маңындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта күшті жарылыс болды. Жарылыс зауыт аумағындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жүрген кезде болған. Жарылыстан зардап шеккендер жоқ, оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр деп мәлімдеді зауыт иесі KNDS компаниясы.
Италияның ANSA агенттігі жарылыс оқ-дәрі цехында болған деп хабарлады. Коллеферро қаласының мэрі Джулио Каламита журналистерге егер оқиға жазғы демалыс уақытынан басқа кезде болғанда, "қасіретке айналар еді" деген.
Кәсіпорын сайтындағы ақпаратта зауыт құрлықтағы және теңіз қорғаныс жүйелеріне арнап орта және ірі калибрлі оқ-дәрі шығаратыны, оған қоса аэроғарыштық зымыран-тасығыштарға арналған қатты зымыран отынын өндіретіні айтылған. KNDS Ammo Italy – 2023 жылы Еуропалық қорғаныс агенттігімен 155 миллиметрлік оқ-дәрілер жеткізу туралы келісімшартқа отырған мердігерлердің бірі. KNDS холдингі Украинаға да қару-жарақ жеткізеді деп жазды The Moscow Times.
10 тамызда Болгариядағы Белица ауылы маңындағы EMCO кәсіпорнында жүк көлігінен басталған өрт кейін оқ-дәрі қоймасын қоса шарпып, оның аяғы жарылысқа ұласқан еді. Кәсіпорын иесі бизнесмен Эмилиан Гебревтің компаниялары 2014 жылдан бері Украинаға қару-жарақ жеткізумен айналысады. 300-ге жуық қызметкер эвакуацияланған, ешкім зардап шекпеген.
Италиядағы KNDS қорғаныс зауытында жарылыс болды
Пікірлер 0
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы болыңыз!