Маңғыстау облысында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің қызметкері медицина мамандарына пара үшін сертификат беріп келген. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады «Лада».

Сотталушы — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің облыстағы сертификаттау бөлімінің бас маманы. Ол медицина қызметкерлеріне міндетті сертификаттарды ақылы түрде рәсімдеп, заңсыз табыс тапқан. Тергеу барысында жалпы сомасы 770 мың теңгені құрайтын 10 пара алу фактісі анықталған. Әр сертификат үшін 40 мыңнан 150 мың теңгеге дейін ақша алған.

Курстарды бір жеке ЖШС және екі мемлекеттік мекеме ұйымдастырған. Пара берген үш адам да сотталды.

2025 жылдың наурызында ЖШС директоры мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің курстан жалған өтуін ұйымдастырып, сертификат алу үшін А. есімді маманға жүгінген. Ол 100 мың теңгені жұбайының Kaspi шотына аударуды талап еткен.

Қыркүйек айында жеке компанияларда жұмыс істейтін екі медбике құжат алу үшін «Облыстық перинаталдық орталық» КМК қызметкеріне жүгінген. Ол қажетті куәліктерді рәсімдеп, процесті жеделдету үшін Р. есімді азаматтан көмек сұраған. Р. өз кезегінде 130 мың теңгені танысының шотына аударуды талап еткен.

А. өз кінәсін мойындаған. Алайда төрт баласы бар екенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Пара берген үш азамат та кінәсін мойындады. Екеуіне пара сомасының 25 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды — тиісінше 12,7 млн және 5 млн теңге. Үшінші азамат 600 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.