Павлодар облысында жетім қыз сот арқылы 2008 жылдан бергі баспана кезегін қайтарды
2008 жылы облыс тұрғыны ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, балалар үйіне жіберілген.
Қамқоршылық органдары мен балалар үйінің әкімшілігі оны сол кезде-ақ тұрғын үй кезегіне қоюы тиіс болған. Алайда бұл тек 2014 жылы жасалған. Ал 2023 жылы уәкілетті орган қызды басқа елді мекенге көшіп кеткенін алға тартып, тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған.
Сотқа дейінгі тәртіппен қыз тек 2014 жылдан бастап кезекке қайта тұра алған. Осыдан кейін ол сотқа жүгініп, кезектілігін 2008 жылдан бастап есептеуді талап етті.
Сот тұрғын үй кезегіне қоюдың кешігуіне мемлекеттік қызметкерлер мен қамқоршылық органдары кінәлі деген қорытындыға келді. Кәмелетке толмаған қыз өз құқықтарын өздігінен қорғай алмаған.
Сот оның тұрғын үй кезегіндегі құқығын балалар үйіне түскен сәттен бастап, яғни 2008 жылдан бастап қалпына келтірді.
Сот шешімі заңды күшіне енді- деп хабарлайды Infofmburo.kz ақпарат порталы.