https://energyprom.kz/ мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда Құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынатын мал бағасы айтарлықтай қымбаттады. Соған қарамастан елдегі мал басы саны да өсіп келеді. 2026 жылдың наурыз айындағы мәлімет бойынша ірі қара мал саны 9,2 миллион басқа жетсе, қой саны 21,1 миллионнан асты. Сонымен қатар жылқы саны 4,8 миллионға, түйе саны 312,6 мың басқа жеткен. Ең жоғары өсім жылқы шаруашылығында байқалып, бір жыл ішінде 7,1%-ға артты.

Малдың басым бөлігі халық шаруашылықтары мен фермерлік қожалықтарда ұсталады. Түркістан облысы ірі қара, қой және жылқы саны бойынша көш бастап тұр. Ал ешкі саны Жетісу облысында көп болса, түйе саны Маңғыстау облысында жоғары көрсеткішке ие.

Мал саны көбейгенімен, олардың бағасы да қатар өсуде. Наурыз айында бір сиырдың орташа бағасы 489,3 мың теңге, бұқа — 526,7 мың теңге, ал жылқы — 581,3 мың теңге болды. Ең қымбат мал ретінде түйе танылып, оның орташа бағасы 804 мың теңгеден асты. Қой орташа есеппен 77,2 мың теңгеге, қошқар 86,3 мың теңгеге сатылған.

Құрбан айт алдындағы сұраныстың артуы нарықтағы бағаның көтерілуіне қосымша әсер етуде. Биыл Қазақстанда алғаш рет ҚМДБ арқылы онлайн құрбан шалу қызметі іске қосылды. Құрбандық бағасы мал түрі мен өңірге байланысты өзгереді. Мысалы, ірі қара мал бағасы 630 мыңнан 945 мың теңгеге дейін болса, қой 100–150 мың теңге аралығында бағаланған. Ал түйенің құрбандық бағасы барлық өңірде 1,1 миллион теңге болып бекітілген.

Сәуір айының қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы да өсе түсті. Ірі қара мал бағасы бір жылда 15,6%-ға, жылқы 9%-ға, қой 8,8%-ға қымбаттады. Ең жоғары қымбаттау Абай облысында тіркелді. Мамандардың айтуынша, 2026 жылы мал бағасының өсу қарқыны бұрынғы жылдарға қарағанда әлдеқайда күшейген. Сондықтан Құрбан айт кезінде халықтың шығыны да артуы мүмкін.