Жетісу облысында кейбір мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындар ойнап, бәс тіккені анықталды. Осыдан кейін екі шенеунік қызметінен босатылды. Олардың бірі — 20 жылдық еңбек өтілі бар аудандық бөлім басшысы.

Шенеуніктердің жұмыстан шығарылуына сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтамауы себеп болған.

Тексеру барысында мемлекеттік қызметшілердің мобильді қосымша арқылы жүйелі түрде бәс тіккені анықталған. Ойын шотын толықтыруға жұмсалған қаражат көлемі 7,7 млн теңгеден асқан.

«Мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделіне нұқсан келтіреді. Сонымен қатар қоғам тарапынан мемлекеттік қызметке деген сенімнің төмендеуіне және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына әкеледі», — деп мәлімдеді Көксу ауданының прокуратурасы.

Ақпарат көзі:zakon.kz