Құқық қорғаушылар Тоқаевты екі ресейлік белсендіні экстрадицияламауға шақырды

Соғысқа қарсы комитет консулдары, Халықаралық адам құқықтары қоғамы (ISHR/IGFM) және "Ковчег" жобасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресейлік белсенділер Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевқа араша түсуге шақырды.

Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, Ресейге экстрадицияланған жағдайда екі белсендіге де саяси қудалау мен азаптауға ұшырап, із-түссіз кету қаупі төнеді. Емельянова мен Мовлаев Тоқаевқа жеке хат жолдап, өздерін Ресейге бермеуді сұраған деп жазды "Новая газета Еуропа" басылымы.

Юлия Емельянова – Алексей Навальный штабының бұрынғы еріктісі. Ол 2025 жылы Алматы әуежайында ұсталған. Қазақстан соттары оған баспана беруден бас тартып, Ресейге экстрадициялауға рұқсат берген. Қорғаушылары бұл шешімге кассациялық шағым түсіргендіктен, экстрадиция уақытша тоқтатылды.

Шешен азаматы Мансур Мовлаев 2025 жылы Ресейдің сұрауымен Қазақстанда қамауға алынды. Ресей оған бопсалау және экстремизмді қаржыландыру айыптарын таққан, ал Мовлаев пен қорғаушылары бұл істің саяси астары бар дейді.

Қазақстан соттары Мовлаевқа да босқын мәртебесін беруден бас тартты. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанды Мовлаевты Ресейге бермеуге үндеген.

Ақпарат көзі:Azattyq ақпарат порталы