СҚО-да заңсыз несие берген азаматтан алты пәтер мен құны 280 млн теңгелік бағалы қағаз тәркілендіI
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, сотталған Ростовщиков Е.В. лицензиясыз микрокредиттік қызметпен айналысып, қарыз берудің 78 дерегіне қатысы бар.
Ер адам заңсыз қарыз берудің екі схемасын қолданған.
⏺ Бірінші жағдайда, қарыз шарты нотариус арқылы рәсімделгенімен, мәміленің нақты талаптары құжатта көрсетілмеген. Қарыз сомасына қарыз алушыға берілген қаражатпен қатар, қарызды пайдаланудың бүкіл мерзіміндегі пайыздар да қосылған. Ақшаны қайтаруды қамтамасыз ету үшін мүлік кепілге рәсімделген.
⏺ Екінші жағдайда, қарыз беру фактісі сатып алу-сату шартымен бүркемеленген. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарызды қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылған. Ақша қайтарылғаннан кейін келісімшарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған.
💬 «Заңсыз қызметінің нәтижесінде Ростовщиков 774 млн теңге көлемінде қылмыстық табыс алған. Сот үкімі бойынша мемлекет кірісіне алты пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі, сондай-ақ құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді», – деп хабарлады ҚМА.
⚖️ Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Ақпарат көзі:Informburo.kz