7 тамызда Таиландта мектеп аумағында біреу қарудан оқ жаудырып, салдарынан алты адам - үш мұғалім мен үш оқушы қаза тапқан. 15 адам жараланған. Олардың екеуінің жағдайы ауыр деген хабар тарады.

Оқиға жұма күні таңертең Бангкок маңындағы Дебсирин Нонтхабури мектебінде болған. Полиция мәліметінше, мектеп оқушыларының бірі оқ жаудырған деген күдікке ілінген.

Бастапқыда күдіктінің өзі де қаза тапты деген ақпарат тарағанымен, кейін оның ауыр жараланып ауруханаға түскені белгілі болды. Болжам бойынша, ол өзіне қол жұмсауға талпынған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қолданылған қару күдіктінің отбасы мүшесіне тиесілі болған. Алайда полиция атыс қаруы оқушының қолына қалай түскенін әзірге анықтаған жоқ.

 Дебсирин Нонтхабури — Бангкок маңындағы беделді оқу орындарының бірі. Билік дерегіне сәйкес, 2025 оқу жылында мектепте шамамен 3100 оқушы білім алып, 147 мұғалім жұмыс істеген- деп хабарлайды Azattyq ақпарат порталы