Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз әріптестері — Ресей президенті Владимир Путинге, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға егемен Қазақстан тарихында алғаш рет бір палаталы Құрылтайға өткен сайлаудың сәтті өтуіне байланысты жолдаған жылы лебіздері үшін алғыс білдірді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысы бұл парламенттік сайлау Қазақстан азаматтарының кемелдігі мен бірлігін айқын көрсеткенін атап өтті. Азаматтар жоғары жауапкершілік танытып, белсенді патриоттық ұстанымын және халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың жарқын болашағына деген шынайы қамқорлығын көрсетті», — делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанды жан-жақты жаңғырту, саяси және экономикалық реформалар қайтымсыз үрдіске айналды. Құрылтай сайлауының қорытындысы көрсеткендей, бұл бастамаларды азаматтардың басым көпшілігі қолдайды.
Бұл — Әділетті, Прогрессивті және Таза Қазақстанды одан әрі құру мен дамытуға бағытталған жоспарлардың табысты жүзеге асуына берік кепіл.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев достас мемлекеттердің басшыларына өз елдерінің тұрақты дамуына бағытталған жоспарлары мен бағдарламаларын іске асыруда одан әрі табыс тіледі».
Қазақстан Президентінің атына бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларынан да құттықтау жеделхаттары келіп түсті. Олардың қатарында ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ЭЫҰ және ТҮРКСОЙ ұйымдары бар.

Aқпарат көзі:Zakon.kz