Мамырдан шілдеге дейін өңірде 250 заңсыз қоқыс орны анықталған. Ал қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 151-інде санитарлық нормаларға сәйкессіздік тіркелген.
Билік заңсыз қоқыс орындарының басым бөлігін жоюға мүмкіндік болып жатқанын мәлімдейді. Алайда қоқысты қайта өңдеу деңгейінің төмендігі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бұдан бөлек, заңсыз қоқыс жиналатын орындарда өрт шығу қаупі бар. Бұған Алматы маңындағы Ақсай карьерінде болған өрт мысал бола алады.
Ірі қалалардағы, соның ішінде елордадағы қоқыс полигондары да өрттен сақтандырылмаған. Логикаға салсақ, мұндай жерлерде бақылау күштірек болуы тиіс. Әрине, жоғары температураның әсерінен қоқыс ішінде бықсу процесі жүріп, кейін өрт тұтануы мүмкін.
Дегенмен, экологияны қорғау мәселесі күн тәртібінде тұрған кезде, қоқыс полигондары мәселесі шешілуі тиіс. Өйткені біздің «көрнекі» жобаларымызға айналған «ақылды қалалардың» өзі қоқыс жинайтын арнайы орындарды ұйымдастырусыз жүзеге аспайды.
Әйтпесе, цифрлық технологиялар дамыған бұл «жұмақта» қоқыстың жағымсыз иісі тарап, барлық жағымды әсерді бұзатын жағдайға жетуіміз әбден мүмкін.