Ресейдегі ең ірі Wildberries маркетплейсіне және онымен серіктес сатушыларға украиналық дрон шабуылдары әкелген шығынның жалпы көлемі 600-800 млрд рубльге дейін жетуі мүмкін. Мұны Data Insight зерттеу агенттігінің жетекші сарапшысы Сергей Семконың бағалауына сүйеніп Forbes жазды.
Сарапшының есебінше, Wildberries-тің қоймалары мен логистика инфрақұрылымын қалпына келтіруге 147-223 млрд рубль қажет болуы мүмкін. Егер бүлінген нысандарды толықтай бұзып, қалдықтарды шығару және аумақты рекультивация жасау қажет болса, шығын көлемі 278,9 млрд рубльге дейін өсуі ықтимал.
 Ал маркетплейспен серіктесіп жұмыс істейтін сатушылардың алдын ала есептелген шығын көлемі 445–507,8 млрд рубльге жетуі мүмкін.
Бұған дейін Ресейдің электронды сауда алаңдарына тауар жеткізушілер қауымдастығының (АПТЭП) басшысы Маргарита Евстигнееваның бағалауы да осыған ұқсас шыққан деп жазды Deutsche Welle.
 Евстигнеева Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан 400 мыңнан астам сатушы зардап шеккен деді. Олар айрылған табысты қоса есептегенде, келген шығынның жалпы көлемі 600-700 млрд рубльге жетуі мүмкін.