Ысталған балықтан кейін бір отбасының 4 мүшесі жансақтауға түсті

Маңғыстау облысында бір отбасының үш ересек мүшесі мен 9 жастағы бала үй жағдайында дайындалған ысталған балықты жегеннен кейін ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, 17 қыркүйекте отбасылық басқосуда салқын ысталған балық жеген. Өнім тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған.

Кейін отбасы мүшелерінен ботулизмге тән белгілер байқалған. Олардың арасында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің қиындауы, көздің бұлдырауы және заттардың қосарланып көрінуі бар.

Қазір төрт науқастың да жағдайы ауыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген.