3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алёхованы Қылмыстық кодекстің 147-бабы ("Жеке деректерді тарату") бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімнің орындалуын 2031 жылға дейін кейінге қалдырды және оған үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды.
Үкім 3 тамызда жабық сот отырысында жарияланды деп хабарлады журналист Жанна Байтелова.
Алёховаға қарсы іс 2022-2024 жылдары Алматыдағы "Кенжехан" базарындағы жалға алушылар мен меншік иелері арасындағы дау туралы жарияланған материалдарға байланысты қозғалған. Тергеу белсенділердің біріне қатысты мәліметтердің жариялануын жеке деректерді заңсыз тарату деп бағаласа, қорғаушы тарап ақпараттың ашық сот базаларынан алынғанын мәлімдеген.
Бұған дейін "Әділ сөз" қоры аталған мәліметтер журналист жариялағанға дейін басқа Telegram-арнада таралғанын, алайда ақпараттың сыртқа шығуына жол берген полиция қызметкері мен оны алғаш жариялаған тұлғалар жауапқа тартылмағанын айтып, қылмыстық қудалауды сынға алған.
Бұл – Қазақстанда журналисті айыпты қылып шығарылған кезекті сот үкімі. Өткен аптада Алматы соты ҚазТАГ агенттігінің бас директоры мен бас редакторының бостандығын шектеп, оларды бес жылға журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырған еді.
Ақпарат көзі:Azattyq ақпарат порталы