Сот шешімімен блогер Азамат Омаровқа қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды деген күдікке ілінген.
Адвокатының мәліметінше, қорғау тарапы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Ал Азамат Омаров өз жарияланымдарының сатира және әзіл жанрына жататынын айтып, тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Тінту барысында блогердің компьютерлері, қатқыл дискілері және ұялы телефондары тәркіленген.
Өз кезегінде «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры құқық қорғау органдарын аталған іске қатысты толық ақпарат жариялауға шақырды.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда сөз бостандығына кепілдік берілгенін, сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Азамат Омаров сатирасы үшін емес, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталған. Тергеу жалғасуда. Соңғы құқықтық бағаны сот береді.