Фатима Супыгалиева Қазақстан тарихында дзюдодан қыздар арасындағы алғашқы әлем чемпионы атанды
Қазақстандық дзюдошы Фатима Супыгалиева Эквадорда өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында тарихи алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
💬 16 жастағы спортшы 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. Ақтық сында ол украиналық Ксения Кирильчукпен кездесті. Белдесудің негізгі уақыты жеңімпазды анықтай алмады. Қосымша уақытта Супыгалиева шешуші әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді. Бұл жеңіс Қазақстан дзюдосы үшін тарихи оқиға болды. Фатима Супыгалиева — Қазақстаннан қыздар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы, – деді федерация өкілдері.
Жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық дзюдошылар медаль қоржынына тағы үш жүлде қосты. 57 келіге дейінгі салмақта Инжу Жұмажан күміс медаль иеленсе, Ерик Усенов (66 келіге дейін) және Бекали Еркен (73 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Осылайша, жарыстың екі күнінен кейін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медальдық есепте көш бастап келеді. Ұлттық құраманың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.