Қазақстан медальдар есебі бойынша Көшпенділер ойындарында қайта есептеуден кейін бірінші орынға шықты. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлімдеді.
Ол спорттық бәсекелестік тек алаңда қалатынын атап өтті.
🗣️ «Жанкүйерлер арасында да ешқандай түсініспеушілік болған жоқ. Командалық есептегі жалғыз техникалық айырмашылық медальдарды санау кезінде орын алды. Бүгін (7 қыркүйек – ред.) ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді», – деп жазды Асхат Алагөзов Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, Қырғызстан спортшылары да Көшпенділер ойындарында лайықты өнер көрсетіп, өздерінің күш-жігері мен шеберлігін танытқан.
🗣️ 6 қыркүйекте Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама жалпы командалық есепте бірінші орын алғанын хабарлаған болатын. Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алды: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола.
Ведомство мәліметінше, екінші орынды 30 алтын медальмен Қырғызстан, үшінші орынды жеті алтынмен Ресей иеленген.
Алайда Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ресми Instagram парақшасында жарияланған медальдар кестесінде алғашында бірінші орында Қырғызстан тұрды. Қазақстанға 29 алтын медаль есептеліп, екінші орын берілген еді.
Кейін бұл жарияланым өшірілді. Сол кезде медальдар есебі парақшасында қорытынды нәтижелер ресми түрде расталғаннан кейін дайындалып, жарияланатыны айтылған болатын.
Ақпарат көзі:Informburo.kz