Ақтөбеде пәтер алаяқтығына күдікті мұғалім ұсталды
Ақтөбеде жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен әйел ұсталды. Полиция мәліметінше, оның әрекетінен кемінде Қосшы қаласының екі тұрғыны зардап шеккен. Жалпы келтірілген шығын көлемі 22 млн теңгені құраған.
Күдікті әйел пәтер сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен азаматтардан 14 млн және 8 млн теңге алғаннан кейін ізін суытқан. Шілде айында ол іздеуге жарияланған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің Ақтөбеде жүргенін анықтап, оны ұстады. Әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында оның осы уақыт ішінде қаладағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істегені анықталды. Қазір полиция оның мектепке қалай жұмысқа орналасқанын және еңбекке қабылдану кезінде ұсынған құжаттарының түпнұсқалығын тексеріп жатыр.
Тергеу күдіктінің жалған құжаттар мен анықтамаларды пайдаланған болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастыруда.