Ақтөбеде айыпталушылар орындығына Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ДЭР) аға тергеушісі мен екінші жедел басқарма бастығының орынбасары отырды.

Айыптау қорытындысына сәйкес, аға тергеушінің өндірісіне тұтыну кооперативінің (ПК) өкіліне қатысты қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қозғалған қылмыстық іс түскен.

Тергеуші істегі күдіктіні өзімен байланыс іздеп, пара беруге мәжбүр болатын жағдайға әдейі итермелеген. Тергеу деректеріне қарағанда, ол күдіктіге ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылатынын айтып қорқытып, кейін одан 50 миллион теңге талап еткен.

Есесіне қылмыстық істі тоқтатуға уәде берген. Сондай-ақ тергеуші ДЭР-дегі әріптесін пара алуға делдал болуға көндірген. Алайда тұтыну кооперативінің өкілі кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) жүгінген.

Делдал пара ретінде берілген долларды алғаннан кейін ұсталды. Бұл ақша іс жүзінде арнайы дайындалған жалған (муляж) ақша болған. Кейін тергеушінің өзі де қолға түсті.

Тергеушіге пара алуға оқталды деген айып тағылса, оның әріптесіне парақорлыққа делдал болды деген айып тағылды. Бұл резонансты іс Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды.

Сот екі айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Аға тергеуші 10 жылға, ал оның әріптесі 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот шешімімен екеуіне де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Сот сотталған тергеушіні жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу үшін 2 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ақпарат -reis_ukg парақшасынан