Қазақстан қарулы күштері қатарында міндетті борышын өтеп жүргенде жұмбақ жағдайда қатты жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды. Бұл жөнінде заңгер Инга Иманбай хабарлады.
“Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес. Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз қалған ата-аналар сөйледі. Қоғам талап қоя бастады. Мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз. Қош бол, батыр Ербаян” деп жазды Инга Иманбай.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған. Бұған дейін оның Түркияда ем алғаны хабарланған еді. Ербаянның атынан аккаунт ашылып, жұрт оның еміне ақша жинаған.
Биыл маусымның ортасында ішкі істер министрлігі жергілікті БАҚ-қа Ербаян Мұхтардың әскери бөлімде жарақат алуына байланысты іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын айтқан-деп хабарлайды Азаттық
Сурет: erbayan2024 парақшасынан.