Астанада алаяқтық топтың 24 мүшесі 8 жылға сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесін кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот мәліметінше, күдіктілердің басым бөлігі Қазақстанға Ресейден келген. Ал орындаушыларды Telegram арқылы іздеген. Оларға тұрғын үйді жалға алу, қазақстандық SIM-карталары бар SIM-box құрылғыларын орнату және оларға қызмет көрсету тапсырылған. Бұл жұмысы үшін қатысушыларға тәулігіне 50-ден 100 долларға дейін ақы төленген.
Қылмыскерлер жабдыққа қосылған нөмірлер арқылы азаматтарға қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, «Қазпоштаның» және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған.
Олар азаматтардан растау кодтарын алдап алып, несие рәсімдеуге және ақшаларын басқа шоттарға аударуға көндірген.
Іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі — Telegram желісіндегі хат алмасулар. Онда координаторлардың нұсқаулары мен атқарылған жұмыстар туралы есептер болған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ақпарат көзі:zakon.kz