Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы отбасындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы пікір білдірді. Ол ер адамның міндеті – әйелге қорған әрі тірек болу, оны қорқынышта өмір сүруге мәжбүрлеу емес екенін атап өтті.
Бас мүфтидің айтуынша, нағыз күш – ашуды тежеп, сабыр сақтай білуде. Ол жанжалдың уақытша екенін, алайда ашумен жасалған соққы немесе ауыр сөз адамның жан дүниесінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін екенін еске салды.
«Отбасы – адам өзін қауіпсіз сезінетін орын болуы керек. Әйел өз үйінде қорқынышпен емес, құрмет пен өз қадірін сезініп өмір сүруі тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ Бас мүфти ата-аналар қызын тұрмысқа бергенде, ең алдымен оның бақытты отбасылық өмір сүргенін қалайтынын атап өтті.
«Әйелді жылатуға мәжбүрлеу – ерлік емес. Оған қорған болу – ер адамның міндеті», – деп қорытындылады Наурызбай қажы Тағанұлы.