Қазақстанның ішкі істер министрлігі алаяқтар Telegram мессенджерін пайдаланып жұрттан ақша ұрлаудың жаңа тәсілін қолданып жатқанын ескертті. Алаяқтар мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшылары атынан хабарласып және солардың фотосуреттері мен деректерін теріс мақсатына пайдаланып, жұрттан ақша аударуды немесе өзге де қаржы операцияларын жасауды талап етеді, деді министрлік.
Полицияның айтуынша, ондай хабарламалар көбіне бухгалтерлерге, қаржы қызметкерлеріне және ұйым қаражатымен жұмыс істейтін қызметкерлерге жіберіледі.
ІІМ күмәнді хабарлама алған жағдайда ақша аудармауға, басшымен тікелей байланысып, ақпараттың рас екендігіне көз жеткізуге және хабарлама жіберген адамның аккаунтын мұқият тексеруге, егер күмән туса, хат-хабар алмасуды доғарып, оқиға туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлауға кеңес берген-деп хабарлайды Azattyq ақпарат порталы.