Өскемен қаласының 25 жастағы тұрғыны бірнеше құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталды. Олардың қатарында екі автокөлікті заңсыз иемдену және көлікті есірткілік масаң күйде басқару бар. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Тапқыр жігіт тұрғын үй ауласында ұзақ уақыт бойы тұрған Mazda Cronos көлігін байқап қалған. Ол мобильді қосымша арқылы эвакуатор шақырып, бөтен көлікті метал қабылдау пунктіне өткізіп жіберген. Осы әрекеті үшін өскемендік 35 мың теңге алған.
Кейін сол ер адам қонақта жүрген кезінде үй иесінің рұқсатынсыз Lada 21703 көлігінің кілтін алып, көлікпен кетіп қалған.
Полицияның мәліметінше, күдікті бұған дейін 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған. Патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан кезде жүргізілген медициналық куәландыру оның есірткілік масаң күйде болғанын растаған. Ағзасынан каннабиноидтар анықталған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Фото:ЖИ