Павлодар облысының тұрғыны телефон арқылы хабарласқан алаяқтардың құрбаны болды. Олар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелді несие рәсімдеуге және 700 мың теңгені алаяқтар айтқан «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
Алаяқтар мұны рұқсатсыз несие рәсімдеуден қорғау үшін қажет деп түсіндірген.
Алданғанын түсінген әйел Шербақты ауданының полициясына жүгінген. Құқық қорғау органдары қылмысты тергеуге кірісіп, жедел-іздестіру шаралары барысында оқиғаның мән-жайын анықтады. Ұрланған ақша заңды иесіне қайтарылды.
Полиция азаматтарға тағы да ескертеді: банк пен мемлекеттік органдардың шынайы қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді, SMS-кодтарды айтуды немесе ақшаны бөгде шоттарға аударуды ешқашан сұрамайды.
Бейтаныс адамдардың нұсқауын орындамаңыз және банк қызметкері болып қоңырау шалса, әңгімені бірден тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз.