Астана соты 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік істі қарап, оны 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.

Сот мәліметінше, боксшы алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, елордада үш жол-көлік оқиғасына себеп болған. Алдымен жерасты автотұрағының тірегіне соғылып, кейін бірнеше көлікпен соқтығысқан. Салдарынан көліктерге механикалық зақым келіп, материалдық шығын келген.

Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша Данияр Елеусіновтің жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

Сот оны ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.