Таиланд полициясы Ванг-Сомбун ауданында 43 жастағы Танана мен 39 жастағы Тонгчай есімді екі негізгі күдіктіні ұстады. Олар елден қашуға әрекет жасаған.
Жауап алу барысында күдіктілер 22 жастағы Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Романды өлтіргендерін мойындаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыскерлер жастарға шабуыл жасап, оларды тонауды және Honda ADV 150 мотоциклін ұрлауды көздеген. Қақтығыс кезінде олар 17 жастағы Романды атып өлтіріп, оның 22 жастағы әпкесін ұрып өлтірген.
Күдіктілер марқұмдардың денелерін Кхао Чи Чан тауының маңына апарып, жерге көмген. Ал мотоциклді бөлшектеп, оқиға орнынан шамамен жарты шақырым жердегі топырақтың астына жасырған.
Полиция екі күдіктіні де оқиға орнына апарып, тергеу экспериментін жүргізді. Қазіргі уақытта мәйіттердің нақты жерленген орнын анықтау және эксгумация жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Екі жас ресейлік азаматтың Таиландта жоғалып кетуі әлеуметтік желі қолданушыларын дүр сілкіндірді. Олар 26 шілде күні таңертең үйінен мотоциклмен шығып кеткеннен кейін із-түзсіз жоғалған.
Бірнеше күн бойы полиция қызметкерлері еріктілер мен арнайы иттердің көмегімен маңайдағы аумақты тінткен. Кейін тергеушілер күдіктілердің ізіне түскен.
📸 Фото: Khaosod English