Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарифтердің қымбаттауынан кейін қазақстандықтар жаппай мобильді интернеттен бас тартып жатыр деген ақпаратты растаған жоқ.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің айтуынша, министрлікте мұндай статистика жоқ. Оның сөзінше, ұялы байланыс абоненттерінің саны үнемі өзгеріп отырады, өйткені көптеген азамат бірнеше SIM-картаны қатар пайдаланады немесе басқа байланыс операторына ауысады.
Сондай-ақ вице-министр белсенді нөмірлер санының азаюына басқа себеп әсер еткенін айтты. Өткен жылдың ортасынан бері министрлік байланыс операторларымен бірлесіп пайдаланылмайтын SIM-карталарды базадан тазарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Тексеру барысында ұзақ уақыт қолданылмаған кейбір нөмірлердің алаяқтық схемаларда пайдаланылғаны анықталған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, абоненттер санына қатысты статистикадағы өзгерістер ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауымен емес, осы тексеру жұмыстарының нәтижесімен байланысты.
Ақпарат көзі: zakon.kz ақпарат порталы